Іс-шараның алғашқы бөлімінде Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж. Жолдыбаев, облыстардан келген қонақтарды, басқарма басшыларын, облыстық тілдерді оқыту орталықтарының басшылары мен мамандарын, зиялы қауым өкілдерін Тіл сарайымен, орталықтың жұмыс барысымен таныстырды.
Шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Е.Тілешов, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Жетісу облысы бойынша төрағасы, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Ә.Әрін, І.Жансүгіров атындағы университеттің Басқарма төрағасы— ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Бурибаев орталық мамандарының құрастыруымен жарық көрген «Тілдерді оқытуға арналған платформалар» әдістемелік құралының тұсауын кесті, сонымен қатар орталық оқытушысы М.Әділбек «Сөзтүзер» жобасын таныстырды.
Іс-шараның практикалық бөліміне Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Ұлытау, Ақмола, Қызылорда, Абай облыстарының тілдерді оқыту орталықтарының басшылары мен оқытушы-әдіскерлері қатысты. Іс-шара модераторы— мекеме басшысы Ж. Жолдыбаев.
Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі Ә. Молдабаева «Мемлекеттік тілді үйретудің инновациялық аспектілері», Көксу аудандық филиалының оқытушысы Ж. Шатырбаева «Тілдерді тиімді үйретуге арналған платформалар» тақырыбында семинар-тренинг және шеберлік сабағын көрсетті.
Іс-шара аясында мамандар ой бөлісіп, тәжірибе алмасты, тың идеялар мен нақты шешімдер ұсынылды. Жаңа жобалар таныстырылып, ұлттық тіл саясатын жүзеге асырудың тиімді жолдары қарастырылды.
Бұл семинар – мемлекеттік тілді жаңғыртуға, оның әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.