2024 жылғы 18-19 қазанда Қазақ тіл білімінің қарашаңырағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқаратын Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы және түркі елдері арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты үйлестіретін және ынталандыратын бірегей халықаралық ұйым – Türk Akademisi - Turkic Academy қолдауымен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ІІІ және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Türk Dil Kurumu мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, аса көрнекті түркітанушы-лингвист Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жаһандану әлеміндегі ғылымның дамуы: Түркітану. Лингвистика. Филология» атты халықаралық конгресс ұйымдастырылды.
Конгресте академик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі, филология мен түркітанудағы ғылыми парадигмалар талқыланды.
Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Е. Тілешов Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Президенті Р. Кенжеханұлы, Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Ш. Мұстафаев та өтіп жатқан шараның өзектілігіне тоқталып, сөз сөйледі.
Халықаралық конгресте мемлекет және қоғам қайраткері Н. Оразалин «Көркем сөз — кемел таным», ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ. д., профессор З. Базарбаева «Ғылым қанатындағы ғұмыр», А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.Фазылжан «Академик Рәбиға Сыздық феномені: отандық тілтаным мен түркітанудың бүгіні және болашағы» және т.б тақырыптар бойынша Түркия, Әзірбайжан, Швеция сияқты мемлекеттерден келген қонақтар баяндама жасады.
Орталық басшысы Ж. Жолдыбаев аталған шараның құрметті қонағы ретінде қатысты.