08/09/2024  Жексенбі
Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
  8(7282) 41-80-20
ҚР, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, ҚАРАТАЛ ЫҚШАМ АУДАНЫ, 36Б

2024 жылғы 15 мамырда Жетісу облысының  қоғамдық даму басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және Ақсу аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен І.Жансүгіровтің  130 жылдық мерейтойына орай, қаламгердің мол мұраларын зерттеу мен зерделеудің жаңа бағыт-бағдарын айқындау, талантқа тағзым ету мақсатында «Ілияс Жансүгіровтің мұрасы» атты ғылыми конференция өтті. Модераторы —Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев.

Құттықтау сөзді Ақсу ауданының әкімі Б.Тынышбаев сөйледі. Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов те ақын мұраларын кеңінен насихаттау — игі іс екендігін тілге тиек етті. Шараның алғашқы бөлімінде жиналған қонақтар І. Жансүгіровтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

 Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Молықбай атындағы Мәдениет үйінде І.Жансүгіров атындағы музейдің және С.Сейфуллин атындағы кітапхананың көрмесін тамашалады. Конференция барысында  Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,  ақын, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» Жетісу облыстық филиалы төрағасы Әміре Әрін, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызы Фазылжан,  Ш.Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих және этнология институты  директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Баянұлы Тілеубаев, Жетісу облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай баяндама жасады.

 Ұйымдастырушылар  шараға  арнайы келіп,  тың деректер айтқан Ілияс Жансүгіровтің жиен немересі Ж.Жандосова және Шамғали Сарыбаевтың немересі Майра Сарыбайға шапан жапты.«Жетісу» газетінің редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері  Ж.Оспанұлы ақынның «Домбыра» өлеңін оқып, талдап берді. Іс-шараға  зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Ілияс Жансүгіровтің жиен немересі Ж. Жандосова іс-шараны ұйымдастырған Жетісу облыстық «Тіл»  оқу-әдістемелік  орталығының басшысы Ж. Жолдыбаевқа алғысхат табыстады.

 Іс-шара соңында  конференцияға қатысушылар Ойтоған ауылына барып, ақын рухына Құран бағыштады, Ақсу ауылындағы Ілияс Жансүгіровтің тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрып, музей жәдігерлерімен танысты.

1 1 1

Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев
Мекеме басшысы