Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай 10 желтоқсан 2025 жылы Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы «Тәуелсіздік кеңістігі: IQ – Battle» атты тыңдаушылар арасындағы жылдамдық, логика, шығармашылық және зияткерлік сайысын ұйымдастырды. Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың білімін, ойлау қабілетін және топтық жұмыс дағдыларын айқындады.
Шараның мақсаты – тыңдаушылардың тілдік құзыреттілігін дамыту, логикалық ойлауын шыңдау, шапшаңдық пен шығармашылық қабілеттерін жетілдіру, топтық үйлесімділікті қалыптастыру, сондай-ақ қазақ халқының тарихына, мәдени мұрасына деген қызығушылықты арттыру.
Сайысқа 5 аудан мен қала командалары қатысты: Ескелді ауданы – «Тәуелсіздік тарландары», Көксу ауданы – «Азат қыздар», Қаратал ауданы – «Жас қыран», Талдықорған қаласы – «Томирис», Текелі қаласы – «Мұзбалақ».
Шара 4 кезеңнен тұрды: «Дыбыстан дерек» – тыңдалым, «Мәтіннің мәні» – оқылым, «Сөзбен салтанат» – айтылым, «Тәуелсіздік хаттары» – жазылым.
Тапсырмалар тарихи, мәдени және тілдік мазмұнға негізделіп, қатысушылардың жан-жақты қабілеттерін бағалауға бағытталды.
Жеңімпаздар:
1-орын – Ескелді ауданы,
2-орын – Текелі қаласы,
3-орын – Көксу ауданы.
Қазылар алқасы: Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев – Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы, Туғанай Сламғалиқызы Рахымберлина – Тілдерді дамыту және Ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы, Меруерт Жеңісқызы Маралбаева – «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы. Аталған сайыс – келесі жылы атап өтілетін Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың алғашқы бастамасы болып табылады.
2026 жылы орталық Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында 35 шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Тәуелсіздік кеңістігі: IQ – Battle» – мерейлі жылға жол ашқан маңызды жоба.
















