2022 жылдың 5 қыркүйек күні Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің арасында облыстық байқау өтті.
Байқауға Алматы және Жетісу облысының аудан, қалаларынан 18-45 жас аралығындағы 19 үміткер қатысты.
Байқаудың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, тыңдаушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру.
Шараның шымылдығын мекеме басшысы Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев кіріспе сөзімен ашты.
3 кезеңнен тұратын байқаудың
«Өзге емес, өзім айтамын өз жайымды» бөлімінде әр қатысушы өзін және ауданын таныстырды.
«Ел едік, еріменен мақтанатын» атты сұрақ-жауап бөлімінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармасы бойынша әр қатысушы екі сұраққа жауап берді.
3-кезеңде қатысушылар «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында шығарма жазып, тілді меңгеруі мен жазу сауаттылығы бағаланды.
Байқау нәтижесінде:
Ақсу ауданынан келген үміткер — Вера Ушакова ІІІ орынды иеленсе, Панфилов ауданынынан келген Саида Ахметова ІІ орынды қанжығалады. І орынға Райымбек ауданынан келген Зинура Қасымова лайық деп танылса, Кербұлақ ауданының үмітін арқалап келген Вячеслав Калинин Бас жүлдені қанжығалады.
Жүлдегерлерге және байқауға қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.