ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгені баршамызға белгілі.
Атаулы датаның өзгеру себебінің өзіндік сыры бар еді - «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халықының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арысы, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, публицист, педагог, аудармашы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Әлемде өзге ұлттың қас-қабағына жәутеңдеп, еркін жүріп-тұра алмайтын, азаттықты аңсаған жұрт қаншама. Олармен салыстырғанда біз ата-баба аманатына қиянат келтірмей, қазақ тілімізді қаймағын бұзбай сақтаған бейбіт те тәуелсіз, бақытты халықпыз.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» сөзін жаттап өскен ұрпақ осы ұғымды тілмен ғана емес, іспен дәлелдегей. Өз ана тілін жетік білетін нағыз қазақтар көбейе берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!
Тіл мерекесі құтты болсын!