Бүгін Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ақиық ақын М. Мақатаевтың туған күніне және дауылпаз ақын Е. Жақыпбековтың туған күніне орай әдеби-танымдық кеш өтті.
Әдеби-танымдық кеш басталмай тұрып, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Е.Ақшабаев және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж.Жолдыбаев М.Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,рухына тағзым етті.
Әдеби-танымдық кешке арнайы шақырылған қонақтар — ақын Ж.Оспанұлы, белгілі журналист Ж.Жанахметұлы және дарынды актриса Ж.Мерсимова келіп, М.Мақатаевтың өлеңдерін оқып, ақын Е.Жақыпбеков туралы естеліктерімен бөлісті.
Модератор — Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж.Жолдыбаев кеш қонақтарымен сүбелі сұхбат жүргізіп, қос ақынның поэзиясынан өлеңдер оқыды. Сондай-ақ, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының әншілері Б.Мұсаев, Қ.Шаяхметова М.Мақатаевтың «Аягөз, қайда барасың?»,«Біздің елдің жігіттері» әндерін әуелете шырқап, кеш қонақтарын ән қанатында тербетті. Әдеби-танымдық кешке оқушылар арасында өткен қалалық «Мұқағали оқулары» байқауының бас жүлде иегері №15 орта мектептің оқушысы М.Талғатбек, Жетісу университетінің Димаш, Рауан және Мирас атты студенттері ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп,мәнерлеп оқыды.
Әдеби-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері,студенттер,мектеп оқушылары және тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.