Бала тәрбиесі – басты назарда. Жасырары жоқ, соңғы жылдары мектеп қабырғасындағы балалардың сапалы біліммен бірге саналы тәрбие алып, Отанын сүйетін, ортасын қадірлейтін, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болатын азамат болып өсуіне ықпал ететін игілікті жұмыстардың ақсап кеткені анық.
Осы орайда Жетісу облысы әкімінің бастамасымен «Ментор» жобасы қолға алынған. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуын және оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру.
Пилоттық жоба аясында мекеме басшысы Ж.Жолдыбаев Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған №20 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесіп қайтты.
Кездесу барысында Алаш қайраткері С.Сейфуллиннің өміріне,шығармашылығына, соқтықпалы, соқпақты жолына оқушылар шолу жасады.
Кештің құрметті қонағы — Ж.Жолдыбаев руханият, жастардың бойындағы қайсар рухты қалыптастыру туралы сөз қозғады. Сондай-ақ,«Тіл мәдениеті және тілдік норма» тақырыбында әңгіме өрбітіп, жастарды сауатты сөйлеуге, сауатты жазуға шақырды.
Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің оқытушысы, дәстүрлі әнші Т.Серіков С.Сейфуллиннің «Біз жақта»,«Тау ішінде» әндерін орындады. «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобасының менеджері Ғалымжан Дәрібайұлы келген қонақтарға алғысын білдірді.