2024 жылғы 13 қыркүйекте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу мақсатында А. Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы» республикалық байқауы өтті.
Мемлекеттік тілді авторлық бағдарламамен оқытатын шығармашыл әлеуеті бар оқытушылар бұл байқауда үш кезең бойынша бақ сынады.
Байқаудың алғашқы бөлігінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің төрт дағдысын үйретуге ұсынған тиімді амалдары мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар берілді. Қатысушы ұяшықтардан таңдалған қос сұраққа толық жауап беру арқылы бақ сынады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Атырау облысынан қатысқан Қайырбек Кенжәлиев бас жүлде мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Шығыс Қазақстан облысының үміткері Ләззат Қайдарова бірінші орынды жеңіп алып, 350 мың теңге сыйлыққа ие болды. Қостанай облысынан Ләззат Утемуратова мен Жамбыл облысынан келген Фарида Кенжебекова екінші орынды еншілеп, 250 мың теңге олжалады.
Жетісу облысынан Олжас Қойшыбеков, Ақмола облысынан Сәулет Төкен және Алматы облысының ұстазы Балжан Төлегенова үшінші орынды еншілеп, әрқайсысы 200 мың теңгеден сыйлыққа ие болды.
Қатысушылар мен тіл жанашырлары үшін орны бөлек рухани шара тіл меңгерту бойынша ұтымды әдіс-тәсілдерді игеруге ынталандырып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.