ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгені баршамызға белгілі.
Атаулы датаның өзгеру себебінің өзіндік сыры бар еді - «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халықының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арысы, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, публицист, педагог, аудармашы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты.
Әлемде өзге ұлттың қас-қабағына жәутеңдеп, еркін жүріп-тұра алмайтын, азаттықты аңсаған жұрт қаншама. Олармен салыстырғанда біз ата-баба аманатына қиянат келтірмей, қазақ тілімізді қаймағын бұзбай сақтаған бейбіт те тәуелсіз, бақытты халықпыз.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» сөзін жаттап өскен ұрпақ осы ұғымды тілмен ғана емес, іспен дәлелдегей. Өз ана тілін жетік білетін нағыз қазақтар көбейе берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!
Тіл мерекесі құтты болсын!
5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күніне орай ағылшын тілі А2 Elementary деңгейі топтары арасында әңгімелеу, түсінік айту дағдыларын дамытуға бағытталған Storytelling day атты сабақтары өтті. Әр тыңдаушы берілген мәтіндерді талдап, әңгімеледі.
Оқытушылар: А.Турлыбекова, С.Райсова
5 қыркүйек күні Тіл сарайында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов – модератор болса,Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі— Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов, Қазақстан Ресубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты — Қазыбек Жарылқасынұлы Иса, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор — Шерубай Құрманбайұлы баяндама жасады.
Шара барысында бірқатар ғалымдар «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды. Іс-шараға онлайн режимде Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшылық құрамы, қызметкерлері қатысты.
5 қыркүйек –Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл- татулықтың тірегі» атты сайыс сабақ А1-1 тобында өтті. Сайысқа екі команда қатысты. «Білгіштер», Тапқырлар» тобы. Сайыс 5 кезеңнен тұрды:
1. «Бәйге» - сұрақтарға жауап беру;
2.«Полиглот» - мақал-мәтелдерді жалғастырып айту;
3. «Өлең оқу» - тіл туралы өлең шумағын жатқа айту;
4. «Жаңылтпашты жаңылмай айтып көр» ;
5. «Жорға»- викториналық сұрақтарға жауап беру;
Сайыс соңында көп ұпайға ие болған «Тапқырлар» тобы жеңіске жетті.
Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Ақсу аудандық филиалы Ақсу аудандық орталық кітапханасымен бірлесе отырып 2023 жылдың 5 қыркүйегі, сағат 15:00-де Қазақстан халқы тілдері мерекесі және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Тіл – қоғамның айнасы» атты интеллектуалды сайыс өткізді. Мерекеге орай өткізілген сайысқа кітапхана қызметкерлері мен мемлекеттік тіл курсының В1 орта деңгей тыңдаушылары қатысты.
Сайыста 3 адамнан құралған «Алаш» және «Тұлпар» топтары бақ сынады. Сайыс қатысушылары түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, көрермендер арасынан таңдалды. 2 топ 3 кезең бойынша жарысқа түсті. Тартысты додада «Тұлпар» тобы оза шауып, жеңіске жетті. Сайыс соңында қос топ марапатталып, «Көк тудың желбірегені» әнін қосыла айтты.
Қазақстан тілдер мерекесіне орай А1 деңгейі курсы тыңдаушыларының арасында «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты танымдық сабақ өткізілді. Сабақ барсында тілдің – таусылмайтын байлық, қанша тіл білсең, өзгелерден сонша есе биік болатындықтары айтылды.
Тіл үйренушілерге мемлекеттік тілді білу парыз екендігі түсіндірілді. Сабақта айтылым, оқылым және жазылым дағдысы бойынша тапсырмалар орындалды. Үй жұмысы бойынша Кокина Лариса мен Мануйленко Дина өте жақсы жауап берді. Сабақ барысында қазақ тіліне тән дыбыстарға ұтымды жаттығулар жасалды.
Сөзжұмбақ шешуден топтан Донских Юлия Сергеевна мен Пахомов Матвей Александрович озып шықты. Ал қызықты викториналық сұрақтарға Ремизова Виктория Дмитриевна тамаша жауап берсе, сөздік диктанттан Ли Валентина он ұпай алды. Сабақ мақсатына жетті.
5 қыркүйек — Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесінде Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж. Жолдыбаев және Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы
Т. Рахымберлина «Жетісу» телеарнасының «Таңжарық» бағдарламасына қонақ болып қайтты.
Сұхбат барысында облыстық басқарма, орталықтың жұмысы, жылдық жұмыс жоспарындағы іс-шаралар, тіліміздегі өзекті мәселелер туралы әңгіме өрбітті.
5 қыркүйек - Қазақстан халқының тілдері күніне орай Жетісу облысы "Тіл" оқу-әдістемелік оратлығы Көксу аудандық филиалы, Көксу аудандық кітапханасы, мәдениет үйі қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен “Тіл мәртебесі – ел мерейі” атты фестиваль өтті.
Шара «Көксу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» басшысы Азамат Болатұлы Қисметов мен Көксу ауданнының «Құрметті азаматы», тіл жанашыры, зейнеткер ұстаз Әсет Әбдіқазірқызының құттықтау сөзмен басталды. Ауданымыздың жас ақын қызы Айнұр Оразбай тілдер күніне арнауы оқып, мәнерлеп оқу, сурет байқауы, викториналық ойын, эссе, мақал-мәтел сайыстары, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Белсене қатысқан оқушылар мен тыңдаушылар Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды. Шара соңы мәдениет үйі қызметкерлерінің ән шашуымен аяқталды.
5 қыркүйек күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын өткізу аясында мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант өтті.
Мақсаты: мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде қоғамдағы рөлін нығайту. Диктант тақырыбы: «Мағжан Жұмабаев – замманның заңғар тұлғасы».
Диктантқа Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның аудан, қаладағы филиал қызметкерлері белсене атсалысты. Ашық диктантқа барлығы 545 адам қатысты. Оның ішінде: мемлекеттік және азаматтық мекеме қызметкерлері - 193 адам, бюджеттік сала қызметкерлері - 224, жеке тұлғалар - 34. Жас шамасы: студенттер - 119, ересек тұрғындар - 426. Ұлттық құрамы бойынша 386 - қазақ, 157 - этнос өкілі (29%).
5 сентября в рамках проведения республиканского культурно-просветительского проекта «Мың бала» в соответствии с планом действий Ассамблеи народа Казахстана по реализации Концепции развития на 2022-2026 годы прошел общеказахстанский открытый диктант на государственном языке.
Мереке күні облыстық «Жетісу» газетінің №101 санына орталық оқытушысы М. Әділбектің «Ұлт күретамыры» тақырыбындағы мақаласы жарияланды.
Еңбегіңіз жансын!